БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Бас комиссары Мишель Бачелеттің Мәлімдемесі

Біз желтоқсанның 10-ы күні теңдесі жоқ құжат – Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 70 жылдық мерейтойын атап өтпекпіз.

Бұл құжаттың қазір де 70 жыл бұрынғыдай аса маңызды екендігіне мен кәміл сенемін.

Өткен жылдар ішінде оның өршіл трактаттан халықаралық құқықтың барлық  саласына етене сіңісіп кеткен стандарттар жүйесіне айналғандығына еш күмән келтіруге болмас.

Ол оның қалаушылары күні бұрын ойламаған өткен жылдар сынағы мен бұрын-соңды түске де кірмеген жаңа технологиялар мен әлеуметтік, саяси және экономикалық дамулардың сынағына төзіп шықты.

Оның тағылымдарының маңызды екендігі соншалық, оларды әрбір жаңа, өзекті мәселелерге қатысты қолдануға болады.

Жалпыға бірдей декларация бізге жасанды интеллект пен цифрлық әлемді басқаруымызда сүйенетін қағидаларды ұсынады.

Декларацияда көрсетілген жедел әрекет ету жүйесі климаттық өзгерістердің тіпті планетамызға да, адамдарға тигізер әсеріне қарсы күресуде таптырмас құрал-жабдық шеңбері болып табылады.

Ол 1948 жылы адамдар аттарын аузына да алудан қорқатын ЛГБТ сияқты топтарға жататын адамдардың барлығымен тең құқықты иеленуіне мүмкіндік бере алады.

Әрбір адам «нәсіліне, жынысына, тіліне, дініне, саяси немесе басқа да көзқарасына, ұлттық немесе әлеуметтік шығу тегіне, дүние-мүлкіне, тууына немесе басқа да жағдайларына қарамастан» Жалпыға бірдей декларацияда көрсетілген барлық бостандықтарға қол жеткізуге құқылы.

Бұл сөйлемдегі «басқа да жағдайлар» деген тіркес арнайы қорғауды қажет ететін барлық адамдар тобының санын арттыру үшін жиі қолданылады. Тек ЛГБТ тобына жататын адамдар ғана емес, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі адамдардың да 2006 жылы қабылданған өз Конвенциялары бар.  Мұндай өзіне қатысты конвенцияға қарт адамдар да, байырғы тұрғындар да, түрлі азшылар тобына жататындар да, барлығы да қол жеткізе алады.

Гендер мәселесі Декларацияның барлық дерлік тармақтарында қарастырылатын концепция.  Заманына лайықсыз түрде құжатта сексисттік сөздер мүлдем қолданылмайды. Сондықтан да, құжаттың барлық 30 бабында «әркім», «барлығы» немесе «ешкім» сияқты сөздерді жиі кездестіруге болады.

Мұндай жаңашыл көзқарас әйелдердің халықаралық құқық тарихында алғаш рет Жалпыға бірдей декларацияны жасауда атқарған ерекше рөлімен тығыз байланысты болса керек.

Редакциялық комитетті басқарған Элеонора Рузвельттің атқарған қызметін барлығымыз да жақсы білгенімізбен, Дания, Пәкістан, коммунистік блок елдері сияқты басқа да елдердегі әйелдердің қосқан ерекше үлесі жайлы көп біле бермейміз.

Шындығында, шығармашылардың бірі Үнді реформатор Ганза Метаның арқасында Француздардың Déclaration des droits de l’homme et du citoyen декларациясынан алынған «барлық ер адамдар азат және тең құқылы» деген тіркесі Жалпыға бірдей декларацияда «барлық адам азат және тең құқылы» деп өзгертілді.

Бұл былай қарағанда қарапайым болғанымен, әйелдер мен азшылдардың құқықтары тұрғысынан алғанда революциялық деуге боларлық тіркес.

Ганза Мета сол кезде кең таралған пікір – «ерлер» ұғымы әйелдерді де қамтиды деген Элеонора Рузвельттің тұжырымдамасына қарсы болды. Ганза мемлекеттер бұл сөзді әйелдердің құқығын арттыру үшін емес, керісінше, шектеу үшін қолданады деген пікірді алға тартты.

Екі дүниежүзілік соғыс пен 1930 жылдары орын алған Ұлы депрессия және Холокост сияқты қиын-қыстау кездердің салдарынан пайда болған Жалпыға бірдей декларация мұндай жағдайларға алып келетін зорлық-зомбылық әрекеттер мен тирания және адам құқығын бұзудың алдын алуға бағытталған.  Ол сондай-ақ, біздің бір-бірімізге зиян келтіруімізге тосқауыл болудың жолдарын көрсетумен қатар, біздің «қорқу мен қажеттіктен ада» болуымызға мүмкіндік жасайды.

Ол әлділерге шек қойып, әлсіздердің жүрегінде сенім ұялатады.

Қабылданғаннан бергі жетпіс жылдың ішінде Жалпыға бірдей декларация әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған адамдардың өміріне сансыз оң өзгерістер әкелді; 90-ға жуық Конституция мен көптеген ұлттық, өңірлік және халықаралық заңдар мен институттардың өмірге келуіне ықпал етті.

Алайда, қабылданғаннан бер 70 жыл өткенімен, Жалпыға бірдей декларацияның біздің алдымызға қойған мақсаттары бұнымен бітуден алыс. Және ондай мақсаттар ешқашан бітпейді:

Тайға таңба басқандай анық жазылған 30 бап арқылы Жалпыға бірдей декларация кедейлікке тосқауыл болып, тамақпен, баспанамен, денсаулықпен, біліммен, жұмыспен және басқа да мүмкіндіктермен әр адамды қамтамасыз етудің негізгі тәсілдерін көрсетіп беруде.

Ол соғыссыз, холокостсыз, азаптаусыз, аштықсыз немесе әділетсіздіктен ада қоғамды орнатуға жөн сілтеуде. Бұл – сорлылық жоққа тең ерекше бай немесе билігі үстем ешқандай адам әділдіктен қашып құтыла алмайтындай әлем болмақ.

Бұл – адам туғанда ғана емес, өмір бойы басқа адамдармен бірдей құқыққа ие бола алатын әлем.

Декларацияны жасаушылар соғыстың негізгі себептерін түп-тамырымен құрта отырып және жер бетіндегі әр адам өмірге келгендігі үшін талап ете алатын құқықтарды анықтап, адамдарға қарсы қандай іс-әрекетке баруға болмайтындығын қарапайым, түсінікті тілмен анықтап беруге тырысты.

Декларацияны жасаушылар сондай-ақ, кедейлерді, ел-жері мен құқығынан айырылғандарды, әлсіздерді қолдап, қорғау жүйелерін құрғылары келді.

Тамақтану мен даму құқықтары аса маңызды. Алайда, бұл құқыққа нәсіліне, жынысына немесе әлеуметтік жағдайына  қатысты кемсітуге жол берместен қол жеткізу қажет.  Адамдарға тамақ берілгендігі үшін олардың діндері мен тілдерін қолдануына тыйым салуға болмайды.

Жер мен баспана құқығы да негізгі құқықтардың бірі болғанымен, кейбір елдерде орын алып отырған шектен тыс үнемдеу іс-шараларының салдарынан халықтың әлеуметтік жағынан ең әлсіз топтарына бұл құқықтарды иелену мүлдем қол жетімді емес.

Климаттық өзгерістер де өмір сүру, тамақтану, баспана, денсаулық сияқты құқықтардың іске асуына кедергі келтіруі мүмкін. Бұл құқықтардың барлығы бір-бірімен тығыз байланысты, сондықтан, Жалпыға бірдей декларация мен Халықаралық адам құқығы жөніндегі конвенциялар бұл құқықтарды іске асыруға қажетті жол карталарын жасап, ұсынуда.

Мен бұл Декларацияда көрсетілген адам құқықтарының идеалы адамзат тарихындағы ең бір сындарлы да, сәтті жетістіктердің бірі екендігіне кәміл сенемін.

Алайда, бүгінгі күні бұл жетістіктің тағдыры қыл үстінде тұр.

Біздің барлығымыз «азат және тең-құқыққа ие болып» дүниеге келдік. Алайда, әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған адам мұндай  құқыққа қол жеткізе алмай отыр. Олардың намысы күн сайын аяққа тапталып, құқықтары күн сайын бұзылуда.

Көптеген ел барлық адамның бірдей және ажырамас құқыққа ие екендігін мойындамауда. Мемлекеттердің ортақ мәселелерді бірлесе отырып шешу үшін барын салып орнатқан институттары жабылудың ар жақ, бер жағында тұр.

Жалпыға бірдей декларацияға күш беріп қолдау көрсету үшін құрылған халықаралық, өңірлік, ұлттық заңдар мен келісімшарттар жүйесіне негізінен тары, ұлтшылдық мүддені ғана көздейтін үкіметтер мен саясаткерлер кедергі келтіруде.

Біз өзіміз үшін ғана емес, жалпы адамзат үшін қажет деп декларацияда анық көрсетілген, өзіміз бен көшбасшыларымыздың «ұмытшақтығының», алаңғасарлық пен көңіл бөлмеушілігінің арқасында  бұзылуға жол беріліп отырған құқықтарымызды сақтап қалу үшін бар күш жігерімізді жұмсауымыз қажет.

Мен баяндамамды Жалпыға ортақ декларацияның басында берілген, оның преамбуласының бастапқы жолдарында көрсетілген уәде мен ескертумен аяқтағым келеді::

“…Барлық адамзат баласына тән қадір-қасиет пен олардың тең, ажырамас құқықтарының бостандық және әлемдегі әділдік пен бейбітшіліктің негізі екендігін мойындау.

“…Адам құқығын елемеу мен оларды жек көру адам баласының ар намысына тиетін варварлық әрекеттерге алып келгендігін, сөз бостандығы мен наным-сенім бостандығына қол жеткізе алатын және қорқыныш пен қажеттіктен ада ортаны құру адамдардың ең басты мақсаты ретінде анықталғандығын ескеру.

“… Адам ең соңғы тәсіл ретінде тирания мен басып-жаншуға қарсы бас көтеруге мәжбүр болмауы үшін құқықтық нормалар адам құқығын қорғауы қажет”.

Бұл арада осы преамбуланың соңғы сөйлемдеріне де көңіл бөле кеткен жөн:

“…бұл Декларацияны ұдайы есте сақтай отырып, қоғамдағы әр адам мен орган басқаларды үйретіп, оларға түсіндіру арқылы бұл құқықтар мен бостандықтарды құрметтеуге және іске асыруға, сондай-ақ, ұлттық және халықаралық алдыңғы қатарлы іс-шаралардың көмегімен мүше мемлекеттер мен бұлардың юрисдикциясына жататын аумақта өмір сүретін халықтар арасына бұл құқықтар мен бостандықтарды таратып, танытуға талпынуы қажет”.

Біз 1948 жылдан бері ұзақ уақыт бойы бұл жолды жүріп келеміз. Біз Жалпыға бірдей декларацияда көрсетілген алдыңғы қатарлы іс-шаралардың көбін ұлттық және халықаралық деңгейде іске асырдық.

Дегенмен, алда жүретін жолымыз бұдан да ұзақ болмақ. Өкінішке орай, көптеген мемлекет басшылары бұл сиқырлы сөздердің құдіретін ұмытқан сияқты. Бұл қателікті біз тек бүгін ғана, келесі дүйсенбіде өтетін 70 жылдық мерейтойда ғана емес, күнде-күнде, жыл сайын түзетіп отыруымыз қажет.

Әлемнің барлық елінің құқық қорғаушылары өздерінің жұмыстары, қайсарлығы және өздерін құрбандыққа шалу арқылы әр кез алдыңғы қатардан табылып, Жалпыға бірдей декларацияны қорғап келеді. Қайда, қандай жағдайда өмір сүрсек те, көбіміздің өмірді, үйімізді, қоршаған ортамызды, елімізді, әлемді жақсы жағына немесе жаман жағына өзгерте алатын мүмкіндігіміз бар. Олай болса, өмірді Жалпыға бірдей декларацияда көрсетілген арманға айналдыру үшін әрқайсымыз да өз үлесімізді қосуымыз керек.

Өйткені бұл –басынан кешкенін біз көрмесін деп қалаған ата-бабамыздың бізге қалдырған сыйы, мұрасы.

СОҢЫ

 

Адам құқығы жөніндегі жалпыға бірдей декларация ІІ Дүниежүзілік соғыс аяқталып, үш жыл өткеннен кейін Париждегі Palais de Chaillot-те орналасқан БҰҰ Бас Ассамблеясында қабылданды. Бұл – әлемнің түкпір-түкпірінен келген БҰҰ мүшелері мен кеңесшілерінен тұратын редакциялық комитеттің 18 ай бойы атқарған еңбегінің нәтижесі еді. Декларацияны жасаған негізгі адамдардың бірі  Рене Кассеннің сөзіне сүйенсек, «жоғарғы деңгейдегі жүз сессия аяқталғаннан кейін орын алған қызу талқылау 1948 жылдың 10 желтоқсанында 30 бап ретінде қабылданды».  

 

#UNHumanRights #unitednationshumanrights

54321
(0 votes. Average 0 of 5)