Ақпан тыңдаулары. АӨДА ККО отырысынан репортаж

2018 жылдың 8 ақпан күні Астанада АӨДА ККО-ның (ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы «Адам өлшемі жөніндегі диалог алаңы» консультативтік-кеңестік органының) кезекті секторлық отырысы өтті. Іс-шараға билік пен үкіметтік емес ұйым өкілдері және ККО-ның тарихында алғаш рет ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары – Артур Платонов, Меруерт Қазбекова, Светлана Бычкова және т.б. қатысты.

Күн тәртібінде үш мәселе болды:

  • ККО-ның 2017 жылғы жұмысын қорытындылау
  • ККО-ның 2018 жылғы жоспарын бекіту
  • БҰҰ Комитетінің әйелдерге қатысты барлық кемсітушілікті тоқтатуға бағытталған ұсынысының орындалу барысы туралы

БҰҰ Комитетінің кемсітушілікті тоқтатуға бағытталған ұсынысының орындалу барысы туралы баяндама

Әйелдерге қатысты кемсітушілік сұрақтары бойынша Зульфия Байсакова баяндама жасады. Баяндамада зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету және оңалту іс-шаралары, ҚР ҚК 123-бабын (жыныстық қатынас жасауға мәжбүрлеу) іске асыру практикасын қайта қарау, мигранттар балаларының мәртебесі туралы мәселелер көтерілді. Заңсыз мигранттардың балаларын құжаттау принциптерін қайта қарау керек екендігі айтылды. Мигранттарды, олардың ішінде Өзбекстан азаматтарын Өзбекстан елшілігімен бірлесе жұмыс істей отырып, еліне қайтару бойынша ұсыныстар дайындау мәселесі айтылды. Баяндамашының айтуы бойынша, қазіргі кезде бұл мәселе реттелмеген. Әділет министрлігіне тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу шаралары туралы сұрақ қойылды. Сонымен қатар, жиында тағы бір маңызды мәселе, яғни заңда кемсітушіліктің нақты анықтамасы жоқ екені айтылды. Әділет министрлігі мен ұлттық комиссия өкілдері кемсітушілік туралы қазіргі заманға сай адекватты анықтама дайындап, оны заң тұрғысында бекіту бастамасына қолдау білдірді. Бұл бастаманы ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары бойынша комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев те қолдады.

Баяндамаға қатысты пікір білдірген құқық қорғаушы Анар Ибраева бірнеше мәселе бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, оларды заңға өзгерістер енгізу арқылы шешуге болмайды, олар үшін заңды жеке пысықтау керек. Құқық қорғаушы ондайлардың қатарына зорлық-зомбылық баптары бойынша арыз берген адамды қорғау мәселесін жатқызды.

Әділет министрінің орынбасары Эльвира Азимова қазіргі кезде азаматтардың жеке өтініштері көбейгенін айтты. Оның айтуынша, министрлік олардың барлығын саралап жатыр және оларға бұл мәселе таныс. Бұл сұрақты отырыс аяқталған кейін жеке талқылауға ұсыныс жасады.

БҰҰ өкілдері Ұлттық комиссияның кең ауқымды жұмысын атап өтіп, әйелдер құқықтарына қатысты ҚР заңнамасына енгізілетін өзгерістерге барынша байсалды қарауға тілек білдірді.

ККО жұмысының нәтижесі

ККО жұмысының өткені мен болашағы туралы құқық қорғаушы Евгений Жовтис сөз сөйледі. Ол 5 жылдың ішінде даму бар екенін, алайда алғашқы кездерде жұмыс нәтижесі аз болғанын атап өтті. Басында азаматтық сектордың өкілдері мен билік бір-біріне үйренісіп, ортақ тақырыптар іздеп, мәмілеге келуге тырысты. 2015 жылы жұмыс топтары пайда болып, бірлескен жұмыс қарқын ала бастады.

2016-2017 жылдары ККО жұмысына ҚР Парламент Мәжілісі де қосылды. Мұны оң қадам деп қарастыруға болады.

– Дегенмен, ККО-ға айтылған сыни пікірлерді білгендіктен, жұмыс тиімділігі әлі де жоғары деңгейде емес. Сөз бостандығы, ар-ождан құқығы, жүріп-тұру еркіндігі, пікір білдіру құқығы – осының барлығы зардап шегіп жатыр. Кәсіби одақтар жойылды десе де болады. Бұл да талқылауға тұрарлық тақырып. Біз, яғни құқық қорғаушылар, әрдайым жетістік туралы емес, проблема туралы айтамыз, – деді құқық қорғаушы.

Әйтсе де Евгений Жовтис ККО жұмысының жағымды нәтижелеріне де тоқталып кетті. Мысалы, ол мүгедектер құқығына байланысты заңнамалардағы өзгерістер және ЕО ұсыныстарын елімізге енгізу бойынша әзірленген жол карталары туралы айтты. Сонымен қатар, 2018 жылы жұмыс бұдан да тиімді болатынына сенім білдірді. Оның айтуынша, ККО-да процедура формасы қалыптасып келеді және ол расымен жұмыс істей бастады. Теориядан іске көшетін кез келді. Ол үшін қарым-қатынасты ведомство мен ҮЕҰ басшылары арасында емес, азаматтық қоғам мен мемлекет тарапынан жұмыс істейтіндер арасында жүйелеу қажет. Міне, дәл осы адамдар нақты шешімдерді ұсынатын болады. Құқық қорғаушының пікірі бойынша, ККО ең маңызды мәселелерді шешу үшін қалуы қажет. Ал шешімін тапқан жұмыс тәртібіндегі мәселелерді қазірден бастап енгізу керек. Ол үшін жұмыс топтарын құру қажет. Осыған қоса спикер СІМ мен Азаматтық қоғам және дін істері министрлігімен тиімді жұмыс жалғасын табатынына сенім білдірді.

Отырыс соңында ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов сөз сөйледі. Ол БҰҰ үшін ең өзекті тақырыптар жаппай қарусыздану, оны таратпау және терроризмен күрес екенін атап өтті. Министр Қазақстан үшін де маңызды негізгі трендтер ретінде БҰҰ-ның басты назарындағы әйелдер құқықтары үшін күресті, балалар құқықтарын айтты. Осыған қоса ЛГБТ өкілдерінің құқықтары үшін күрес трендін атап өтті.

– Трендтер бар, біз солардың соңынан ілесіп үлгеруіміз қажет, – деген министр АҚШ және ЕО-мен кең ауқымды әріптестік туралы келісімге қол қойылғаны туралы хабарлады. Енді оның шарттарын орындау үшін зор жауапкершілік артылғанын атап өтті.

Осыған қоса, министр әділ сараптамалары мен сындарлы ұсыныстары үшін Евгений Жовтиске алғыс білдірді.

Қосымша сұрақтар кезінде құқық қорғаушы Диана Окремовадан өтініш айтылды. Ол ақпаратқа қолжетімділік бойынша Ақпарат және коммуникациялар министрлігі тарапынан жасалған бұзушылықтарға назар аударуды сұрады. Д.Окремова, әсіресе, АжКМ тарапынан бюджет шығындары бойынша ақпаратқа қатысты бұзушылықтарды сөз етті. Оның пікірінше, мұндай әрекеттер халықаралық қоғамдастыққа толыққанды кіруге бағытталған шараларды жоққа шығарады.

Д.Окремованың ескертуіне Тастемір Әбішев жауап беріп, Диана Окремованы министр Абаев пен депутат Волкованың ақпаратқа қолжетімділік бойынша баяндамасына шақыруға уәде берді. Еске сала кетейік, қазіргі кезде АжКМ мен «Правовой медиа-центр» ҚҚ арасында сот ісі жүріп жатыр.

Іс-шара соңында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, 2018 жылға арналған жоспар бекітілді және келесі отырыстың уақыты белгіленді. Ендігі секторлық отырыс 2018 жылдың мамыр айында өтетін болды.

54321
(0 votes. Average 0 of 5)