Евгений Жовтис қазақстандық ҮЕҰ-лар СІМ жанындағы адам өлшемі бойынша алаңға неге күмәнмен қарайтынын түсіндірді

Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Халықаралық бюроның (АҚжЗСХБ) Қазақстандағы директоры Евгений Жовтис Сыртқы істер министрлігі жанындағы «Адам өлшемі бойынша диалог алаңы» Консультативтік-кеңес органның (АӨДА ККО) отырысы кезінде отандық азаматтық ұйымдардың белсенділігінің төмендігіне алаңдаулы.

«Бір-біріне қосылмай жүрген екі тарап байқалады: бірі жиналыстарға белсенді қатысады, үнемі ұсыныстар әзірлейді, жол карталарын жасап, оларды талқылайды, сарапшылар келеді, басқаларды шақырамыз, қазір бізге адвокатура өте жақсы тартылды, ғылыми қоғамдастық бар; ал екінші жақтан келетін немесе мүлдем келмейтін ҮЕҰ-лар. Олар бұл процестерге сырттан қарайды және сыни пікірлер білдіреді, себебі ешбір шақыртуларға қарамастан жиындарға қатыспайды», – дейді бұл мәселе бойынша Жовтис.

Оның айтуынша Қазақстандағы жүзге жуық белсенді үкіметтік емес ұйымдардың тек он шақтысы ғана қандай да бір тақырып бойынша жол карталарын іске асыру үшін мемлекеттік органдармен өзара жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдейді. Жовтис үкіметтік емес сектордың белсенділігінің төмендігін білікті диалог үшін мүмкіндіктердің аздығымен түсіндіреді.

«Егер біз мемлекетпен маңызды мәселелер бойынша қарым-қатынас жасап, advocacy-мен айналысуға тырысып, қандай да бір жүйелі өзгерістерге шақырғымыз келсе, бізде жеткілікті деңгейде сараптамалық потенциал болуы қажет. Біз нақты, айқын  дәлелді тілде сөйлесуіміз керек. Өкінішке қарай, біздегі көптеген ҮЕҰ-ларда мұндай мүмкіндіктер жоқ. Оның себептері әртүрлі», – дейді Бюро басшысы.

Жовтистің ойынша мұндай жағдайда кеңес алаңы үшін таңдалған форматқа «күнә» арту дұрыс емес. «Қазіргі жағдайдағы басты міндет – азаматтық белсенділердің мемлекетпен диалогқа көптеп қатысуын қамтамасыз ету», дейді құқық қорғаушы.